Skip to content
Главная страница » Біз туралы

Біз туралы

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің ресми сайтына қош келдіңіз!

«Оқ-Жетпес» санаторийінің құрылу тарихы және оның даму тарихы

1960 жылдың 26 желтоқсанында КОКП ОК-нің қаулысымен Қазақ КСР-інің құрамында республика аумағының 21% алып жатқан Тың өлкесі құрылды. Ол бес облыстан тұрды. Оның құрылуы мемлекеттің тың және тыңайған жерлерді игеру жөніндегі ауқымды жобасымен байланысты болды. Тың өлкесі небәрі 5 жыл өмір сүріп, 1965 жылдың 19 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен таратылды.

1964 жылы Боров орман шаруашылығы аумағында, Бурабай көлі жағасында, шипажай аймағының әсем жерлерінің бірінде Тың өлке атқару комитетінің қызметкерлері үшін демалыс үйінің (пансионаттың) жобалануы және құрылысы басталды. Дәл осы нысан кейін 1966 жылы «Ясная поляна» климаттық санаторийін ұйымдастыруға негіз болды. Ол кезде мұндай атау әлі болған жоқ.

1965 жылдың мамырында Щучье аудандық партия комитетінің, Тың өлке атқару комитетінің және Щучье аудандық партия комитетінің шешімімен санаторий директоры болып Усатов Степан Степанович тағайындалды. Санаторий ғимараты типтік емес, ірі панельді конструкциялардан тұрғызылған үш қабатты қорап түрінде болды. Барлық емдеу кабинеттері, су процедуралары бөлімі мен асхана ғимараттың бірінші қабатында орналасқан. Бұл ғимарат Тың өлкесіне Мәскеудің сыйы болатын.

Ашылуға Мәскеуден өкілдер, өлкелік, облыстық, аудандық партия комитеттерінің бірінші басшылары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің өкілдері келді. Сол күні бейресми дастарханда демалыс үйіне атау беру мәселесі талқыланды. «Ботагөз», «Сфинкс», «Ок-Окжетпес» атаулары ұсынылды, бірақ таңдау құқығы директорға қалдырылды. Степан Степанович ғимарат шағын, бірақ жарық алаңқайда орналасқандықтан және бұл жер XIX ғасырдан-ақ «Ясная поляна» деп аталып келгендіктен, санаторийді «Ясная поляна» деп атауды ұйғарды.

Бірнеше күннен кейін санаторийге Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д. А. Қонаев келгенде, ол бұл атауды құптады.

Бір айдың ішінде құрамында 47 адамнан тұратын ұжым құрылды, олардың ішінде үш дәрігер мен жеті медбике болды. Кейін санаторий үшін медициналық жабдықтар, жиһаздар, суреттер, ас блогына ыдыс-аяқтар, 7 жаңа автокөлік және тағы басқалары сатып алынды. Ғимарат 100 төсек-орынға есептелген еді, алайда кейбір кабинеттер әкімшілік қызметкерлері мен емдеу бөлмелеріне берілді. Мұнда 8 «люкс» санатындағы нөмір, ал қалғандары – ыңғайлылығы жоқ екі орынды бөлмелер болды, қабылдау және орналастыру 80 демалушыға шақталды.

Тамақтану ең жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды, жоғары білікті бас аспаз Алматыдан шақырылды. 1966 жылы қызметкерлер үшін демалыс үйінің аумағында 4 пәтерлі ағаш үй салынды.

Кейінірек, 1974 жылы санаторийдің оқшаулануын ескере отырып, оның аумағында қызметкерлерге арналған 32 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді, ал 1975 жылы Бурабай кентінде санаторий қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлік алғашқы тұрғын үй салынды. Жолдамалар мен бағыттамалар крайатқару комитеті тарапынан берілетін, себебі санаторий оның қарамағында болды. Негізінен мұнда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Министрлер Кеңесінің қызметкерлері, обкомдардың бірінші хатшылары, облисполком төрағалары демалатын.

1967 жылы санаторий директоры болып медицина ғылымдарының кандидаты Роза Ивановна Иващенко тағайындалып, ол 1977 жылға дейін шипажайда еңбек етті. Оның басшылығымен көп іс атқарылды: 1968 жылы 140 орындық клуб-асхана ғимараты салынды, ал кейінгі жылдары – гараж бен қазандық бой көтерді.

1972 жылы барлық қызметтік және емдеу-диагностикалық кабинеттер орналасқан жеке емдеу корпусы пайдалануға берілді. Санаторий климато-бальнеологиялық мекеме ретінде қайта бейінделіп, жыл бойы 120 демалушыны қабылдай алатын деңгейге жетті.

Емдеу мақсатында жергілікті табиғи факторлар – Май-Балық көлінің минералды суы мен Балпаш-Сор көлінің балшығы қолданылды. Бурабай көлдерінің емдік қасиеттері зертханалық зерттеулер жүргізілмей тұрып-ақ белгілі болған.

Әдебиеттерде қазақ қарияларының ерте заманнан бері мұнда алыстан келіп, ревматизм мен тері ауруларын емдеткені жайлы деректер келтіріледі. 1894 жылы Омбы медициналық қоғамының зертханасында дәрігер Н. В. Соболев алғаш рет Жанібек-Сор көлінің суы мен балшығына талдау жүргізді, ал 1895 жылы осы көлдің суы мен балшығының химиялық құрамы туралы баяндама жасады.

Қазіргі кезеңде Солтүстік Қазақстан геология-геофизика зертханасының ғылыми ұжымы Май-Балық көлінің минералды суы мен Балпаш-Сор көлінің балшығының физика-химиялық қасиеттеріне жан-жақты талдау жүргізді. Санаторий дәрігерлері (Иващенко Р. И., Чернова В. М., Толстикова О. П.) алғаш рет минералды ванналар мен балшықпен емдеуді тағайындаудың көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін, процедуралардың ұзақтығын жасап шықты.

1980-жылдардың басынан жаңа жеті қабатты жайлы нөмірлері бар ұйықтайтын корпустың құрылысы басталды. 1982 жылы жаңа корпус пайдалануға берілгеннен кейін санаторийге жаңа атау – «Оқ-Жетпес» берілді.

Қазіргі уақытта «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді және 173 демалушыға арналған нөмірлік қоры бар шипажай болып табылады.

2006 жылы Андоррада өткен Бүкіләлемдік гидротерапия және климатотерапия федерациясының Бас ассамблеясында «Оқжетпес» ЕСК-не санаторий-курорттық емдеуді ұйымдастырудағы жетістіктері мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының аясындағы белсенді ғылыми қызметі үшін «Әлемдегі ең үздік курорт» марапаты берілді.

2011 жылы санаторий өз көзінен алынған радонды суды пайдалана отырып, жаңа медициналық қызмет түрі – радон терапиясын енгізді.

2012 жылғы мамыр айында Ұлыбританияның Лондон қаласындағы Директорлар институтының шешімімен біздің емдеу-сауықтыру кешеніміз еуропалық стандарттарға сай жоғары сапаға қол жеткізуге ұмтылысы үшін «Еуропалық сапа» халықаралық марапатына ие болды.

«Оқжетпес» ЕСК – жыл бойы жұмыс істейтін климато-бальнеологиялық кешен. Бірегей табиғи факторлар: экологиялық таза қарағайлы орманның ауасы, Балпаш-Сор көлінің емдік балшығы мен «Май Балық» минералды суы, пантоемдеу, радон терапиясы, қымызбен емдеу, «Құлагер — Арасан» минералды суы заманауи емдеу-диагностикалық база арқылы толықтырылып, жүрек-қан тамыр жүйесі, тыныс алу органдары, тірек-қимыл аппараты, ас қорыту, қан айналымы, эндокриндік және жүйке жүйесі, урологиялық және гинекологиялық ауруларды емдеуге және сауықтыруға мүмкіндік береді.

ЕСК-те халықаралық ISO 9001:2015 стандарттарына сәйкес сапа менеджменті жүйесі енгізілген және табысты жұмыс істеп келеді, сертификаттауды немістің TÜV CERT компаниясы жүргізді.

2017 жылғы сәуірде «Оқжетпес» ЕСК АҚ базасында ТМД мен Еуропаның 10-нан астам елінің өкілдері қатысқан жыл сайынғы халықаралық-тәжірибелік «Шипажай» форумы өтті. Аталған форум аясындағы басты оқиға – радонды судың ішуге арналған өз көзінің ашылуы болды.

2017 жылғы 27 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №450 Қаулысымен «Оқ-Жетпес» Емдеу-сауықтыру кешені» АҚ мен «Алматы санаторийі» АҚ қайта ұйымдастырылды. «Almaty resort» санаторийі «Оқ-Жетпес» ЕСК АҚ-ның «Алматы филиалы» болып қайта құрылды. Ресей Федерациясы, Ессентуки қаласындағы «Қазақстан» санаторийі «Оқ-Жетпес» ЕСК АҚ-ның еншілес кәсіпорны ретінде қосылды.

Қазіргі уақытта «Оқ-Жетпес» ЕСК АҚ еліміздегі ең үздік шипажайларды өз бренді аясында біріктіріп отыр. Біріккен желіде түрлі санаттағы 367 нөмір бар. Емдеу корпустары жоғары білікті кадрлық әлеуетімен және заманауи медициналық құрал-жабдықтарымен ерекшеленеді.

«Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінде Сіздерді күтеміз!

«Әлемдегі ең үздік курорт» марапаты. 2006 ж.

АҚШ армиясынан алғыс хаттар.

«Еуропалық сапа» халықаралық марапатының белгілері, «Оқжетпес» ЕСК-не 2012 жылы Ұлыбритания Директорлар институты тарапынан берілген.